Павлодарлық полицейлер 2020 жылдың 9 айында 2600 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты
Павлодар облысында 2020 жылдың 9 айында 2600 құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұсақ бұзақылық- кең таралған әкімшілік бұзушылықтардың бірі және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекет болып табылады.
Қоғамдық орындарда әдепсіз сөйлеу, жеке тұлғаларды қорлау, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау ұсақ бұзақылыққа жатады.
«2020 жылдың 9 айында Павлодар облысының тәртіп сақшылары 2 600 астам құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 1653 тәртіп бұзушы ортақ пайдалану орындарын ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды (темекі тұқылдарын лақтыру, шемішке шағу, тұрмыстық қоқыстарды шығару және т.б.)», – деп атап өтті ПД бастығы Нұрлан Мәсімов.
Мысалы, Павлодар қаласының тұрғыны Ломов көшесіндегі үйдің ауласында шемішке шағып, қабығын жерге лақтырса, Екібастұз қаласының 40 жастағы тұрғыны қала тұрғынына себепсіз тіл тигізіп, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Барлық материалдар сотқа жіберілді.