Павлодарлық жас жол инспекторлары жол ережелерін тәжірибе арқылы меңгерді
Павлодар қаласында жас жол инспекторларының қалалық слеті ұйымдастырылды. Танымдық әрі интерактивті форматта өткен іс-шараға мектеп оқушылары, полиция қызметкерлері, медицина мамандары мен педагогтар қатысып, жол қауіпсіздігі ережелерін тәжірибе арқылы пысықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Дәстүрлі дәрістердің орнына ұйымдастырушылар оқушылар үшін арнайы квест бағдарламасын әзірледі. Қатысушылар тақырыптық бекеттерден өтіп, түрлі тәжірибелік тапсырмаларды орындады: шартты түрде "зардап шеккендерге" алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жол қозғалысы ережелері мен жол белгілеріне қатысты викториналық сұрақтарға жауап берді.
Іс-шараның негізгі мақсаты — балалардың жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, интерактивті тәсіл оқушылардың ережелерді жақсы меңгеруіне мүмкіндік береді және жол-көлік оқиғаларының алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Слет барысында командалар арасында тартысты бәсеке өрбіді. Нәтижесінде:
1-орынды Қ. Бекқожин атындағы мектептің "Сұңқар" командасы иеленді;
2-орынды №11 мектептің "Stopline" командасы мен Ш. Шокин атындағы мектептің құрама командасы өзара бөлісті;
3-орынға №40 мектептің "Қыран", №35 мектептің "Жас жол сақшылары" және Р. Нұртазина атындағы мектептің "Дорожный патруль" командалары лайық деп танылды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың жол қауіпсіздігі ережелерін қызығушылықпен меңгеруіне ықпал етіп қана қоймай, жасөспірімдер арасындағы жол-көлік жарақаттарының алдын алуға да септігін тигізеді.
