Павлодарлықтар полицияға 75 бірлік қару тапсырды
Павлодарлықтар полицияға 75 бірлік қару тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 шілдеде қаруды өз еркімен тапсыруға ниет білдірген павлодарлықтардан 70 өтініш келіп түсті. Полицияға барлығы тіркелмеген қарудың 75 бірлігі қабылданды.
– Халықпен 57 бірлік тегіс ұңғылы қару, 16 бірлік ойық ұңғылы қару және ойық ұңғылы қаруға 8287 патрон тапсырылды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.
Павлодар тұрғыны өз еркімен 16 калибрлі ИЖ-К бір ұңғылы мылтық тапсырды.
– Сондай-ақ, Павлодар ауданының тұрғыны өз еркімен марқұм әкесінен алған бір ұңғылы тегіс ұңғылы, ИЖ-18, 16 калибрлі аңшылық мылтық тапсырды. Төлемнің болжалды сомасы – 64 323 теңге. Барлық ерікті қару баллистикалық зерттеуге жiберiлдi. Бүгінгі таңда шамамен 5 876 389 теңгеге қару тапсырылды, – деп атап өтті спикер.
Павлодар облысының полицейлері тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салады.