Перзенті арбаға таңылған ананың өкініші: Атырау тұрғыны ата-аналарға үндеу жасады
Атырау қаласында патрульдік полицейлердің жол ережесін бұзған мопед жүргізушілеріне хаттама толтырып, түсіндірме жұмысын жүргізіп жатқан сәтін көрген қала тұрғыны ата-аналарға үндеу жасады. Қала тұрғыны бір жыл бұрын баласына мопед алып бергеніне өкінетінін айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласының тұрғыны Тимур Рахишев бір жыл бұрын 14 жастағы баласының сұрауы бойынша мопед сатып алып бергеніне өкінетінін айтты. Жол қозғалысының қауіпсіздігін толық меңгермеген жасөспірім жол апатына түсіп, бір жылдан бері дәрігерлердің есігін тоздырып жүр.
– Бәрінің де жағдайы бар, бала үшін жұмыс істеп жүрмін деп баланың сұрағанының бәрін алып береді. Бірақ бала тек бүгінгі қызығын ойлайды, оның болашағын біз, ата-аналар ойлау керекпіз. Көшеде жүргендерін байқасаңыз шошисыз, одан қалды желідегі жаңалықта да сол, екі күннің бірінде жол апатына ұшырап жатқан мопедтер мен скутерлер, 18-ге толмаған жастар. Өзімнің басымнан өткеннен соң өзгелерге айтқым келеді, баланың қызығы үшін болашағына балта шаппаңыздар. Арбада отырған баламды көріп отырмын, ешкімнің басына тілемеймін. Баланың қауіпсіздігі бірінші орында болу керек – деді Тимур Рахишев.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста мопед, скутер көлік құралдарының тарапынан 600-ден астам құқық бұзушылық тіркелген, 106 жол апаты тіркелді, 5 адам қаза тапты.