Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл полицейлері Қазақстандағы танымал хабарландыру сайттарының өкілдерімен тікелей байланыс орнатуда

Петропавл полицейлері OLX және Kolesa KZ танымал хабарландыру сайттарының өкілдерімен тікелей байланыс орнатуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Офицерлер мен менеджерлер Zoom-конференциясы режимінде интернет-алаяқтықтың алдын алудағы өзекті мәселелерді талқылады. Кеңес Петропавл қаласы Полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатовтың бастамасымен ұйымдастырылды.

Бүгінгі таңда алаяқтар адамдарды алдап, олардың қаражаттарын иемдену үшін күн сайын түрлі әдістер мен амалдарды қолданып, арам ойларын іске асыруда. Instagram мен мессенджерлерден бөлек, айлакерлер ОLХ пен Kolesa KZ тегін хабарландырулар сайттарын пайдаланып келеді. Жандос Мұқатовтың ақпаратынша, жыл басынан облыс орталығында Kolesa KZ сайты арқылы – 31, ал ОLХ сайты арқылы 161 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Биылғы жылы қалалық тергеушілер жалған хабарландырулар бойынша жеті қылмыстық істі тергеген.

Онлайн-конференцияда тараптар бірқатар өзекті мәселелерді талқылады, сондай-ақ проблемалы сұрақтарды шешу үшін қызмет барысындағы тәжірибелерімен және байланыс мәліметтерімен алмасты. Бұрын жалған хабарландырулар мен аккаунттарды өшіру үшін бірталай уақыт қажет болған, ал енді бұл үрдіс қысқа уақытта іске асырылмақ. Полицейлердің пікірінше, бұндай қадам желі қолданушыларының жеке мәліметтерін қаскөйлердің әрекетінен сақтап қалуға көмектеспек.

Жандос Мұқатов айтып өткендей, интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін қалалық полицейлер ұдайы негізде кешенді жұмыстарды қолға алған. Үй-үйді аралау кезінде, ата-аналар жиналыстарында және басқа да кездесулерде қызметкерлер қала тұрғындарына жеке мәліметтерді ешкімге таратпау, телефондарға бөгде қосымшаларды орнатпау, жақсы табысқа кенелуді насихаттайтын күмәнді сілтемелерді ашып қарамау туралы айтады. Осындай қарапайым қағидаларды сақтаған жағдайда ғана интернет-алаяқтар азаматтардың қаражаттарын иемдене алмайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру