Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл полицейлері құрылысшыларға бүлінген ағаштарға келтірілген зиянды өтеуді міндеттеді

Петропавл полицейлері құрылысшыларға бүлінген ағаштарға келтірілген зиянды өтеуді міндеттеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО ПД табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері орман алқаптары мен су тоғандарында рейдтік іс-шаралар жүргізіп тұрады. Бірақ қалалық аумақ та назардан тыс қалған емес.

Табиғатты қорғау полициясының араласуы қажет болған жағдайды Петропавл қаласының тұрғындары анықтады. Құқық бұзушылыққа куә болған тұғындардың айтуынша, қаладағы құрылыс объектілерінің бірінде жұмысшылар құрылыс алаңына жақын өсіп тұрған ағаштардың тамырларын зақымдаған. Тексеру барысында құрылысшылардың ағаштардың бүлінуіне қатысы бар екені расталды. Алғашында бұл дерек әкімшілік заңнама шеңберінде қаралды, алайда сараптама нәтижесінде 1 086 750 теңге көлемінде шығын келтірілгені белгілі болды. Шығын көлемі үлкен болғандықтан, материалдар бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта тараптар медиативтік келісім жасасты. Келтірілген залал толығымен өтелді, сонымен қатар кінәлі жойылған ағаштардың орнына жаңа ағаштар отырғызуға міндеттенді.

– Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті табиғатты қорғау полициясы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 340-бабы бойынша 3 қылмыстық іс қозғады. Жалпы, 12 ай ішінде облыс аумағында табиғатты пайдалану саласында 38 қылмыс тіркелген. Соның ішінде 15 заңсыз аң аулау фактісі, соның нәтижесінде 1 бұғы, 20 сібір елігі атылды. Сондай-ақ аң аулау ережелеріне қатысты 183 дерек, балық аулау ережелеріне қатысты 43 дерек анықталды, – деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру