Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл полицейлері жәбірленушілердің жақындарымен жасалған екі интернет-ұрлықты тергеуде

Петропавл полицейлері жәбірленушілердің жақындарымен жасалған екі интернет-ұрлықты тергеуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО ПД ақпарында жәбірленушілердің балаларымен жасалған интернет-ұрлықтың бірнеше фактісі тіркелген. Шотынан 449 мың теңге жоғалған Петропавл тұрғыны полицияға 16 қаңтар жүгінген. Петропавл қ. ПБ Екінші ПБ жедел уәкілдері күдіктіні – бұрын ұсақ ұрлық үшін жауапқа тартылған, жәбірленушінің 20 жасар өгей баласын ұстады.

Арызданушының банк шоты қосылған ұялы телефоны қылмыс құралына айналған. Тәртіп сақшылары, өкінішке орай, мұндай жағдайлардың аз емес екенін айтады. Келесі күні Екінші полиция бөліміне облыс орталығының тағы бір тұрғыны жүгінген. Ол шотынан 790 мың теңгенің жоғалғанын анықтаған. Бұл жағдайда да телефондағы интернет-банкингіне қол жеткізу арқылы жәбірленушінің ақшалай қаражатын қаладағы колледждердің бірінде оқитын 19 жасар қызы ұрлаған. Екі факті де ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

– Соңғы кезде жәбірленушілердің жақындарымен жасалатын интернет-ұрлық жағдайлары жиілеген, – деп түсіндірді Екінші ПБ бастығы Руслан Сыздықов. – Көбіне заманауи техниканың тілін білмейтін егде тартқан адамдар құрбан болып жатады. Сондай-ақ, осындай қылмыстар Wi-Fi функциясы бар, парольмен қорғалмаған телефондарын немесе банк карталарын жоғалтқан кезде, не ұрланған кезде жасалады. Адамдарды телефондарына өзінен басқа ешкім білмейтін пароль қойып, сақ болуға шақырамыз. Банк карталарына растау кодысыз ақша шешуге лимит қою ұсынылады, бөтен адам жоғалған картамен лимиттен жоғары төлем жасаған кезде иесінің телефонына хабарлама келіп түседі және иесі операциядан бас тарта алады. Ең басты кеңес – кодтарды, парольдар мен басқа да құпия ақпараттарды бөтен адамдардан құпия ұстаған жөн. Банк картасы жоғалған жағдайда қосымша арқылы немесе банкке хабарласып дереу бұғаттап тастаңыз.

СҚО-да өткен жылы осындай тәсілдер арқылы жасалған 33 қылмыс тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру