Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл полициясына демалыс күндері 1842 телефон қоңырауы келіп түсті

Петропавл полициясына демалыс күндері 1842 телефон қоңырауы келіп түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Наурыз мейрамын мерекелеу күндері облыс тұрғындарының қауіпсіздігін шұғыл қызметтердің, медицина және полиция қызметкерлері күшейтілген түрде қамтамасыз етті. Басты міндет – қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, қоңырауларға жедел ден қою және төтенше жағдайларға жол бермеу болды.

Бұл күндері күн сайын қоғамдық тәртіпті сақтауға Петропавл қаласында 160-тан астам полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Оның 31-і – автопатрульдер, сегізі – “Модуль” стационарлық бекеттерінің кезекші ауысымдары, қалғаны – жаяу жасақтар.

Петропавл қалалық ПБ Жедел басқарау орталығының бастығы Ерік Құлжановтың айтуынша, наурыздың 19-ы мен 23-і аралығында қалалық полицияның “102” арнасына 1842 телефон қоңырауы келіп түскен. Олардың 400-іне полицияның шұғыл әрекет етуі қажет болды. 27 жағдайда отбасылық жанжалдар, 17-нде түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактілері орын алған. Бір тәулікте орта есеппен алғанда тәртіп сақшыларына 550 хабарлама келіп түскен. Қоңыраулардың дені сағат кешкі алтыдан түн жарымға дейінгі аралықта түсіп отырған.

Полицияның жаяу және көлік жасақтарымен қатар Жедел басқару орталығындағы бейнебақылау инспекторлары бөлек жоспар бойынша жұмыс істеді. Нәтижесінде көшелерде, көше қиылыстары мен алаңдарда орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен 52 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның көбі – қоғамдық орындарда масаң күйде жүру фактілері.

Жалпы, мереке күндері жағдай тұрақты болды, резонанстық қылмыстар тіркелмеген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру