Петропавлда полицейлер саяжайлардағы өртті сөндіруге көмектесті
Петропавлда полицейлер саяжайлардағы өртті сөндіруге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желілердегі петропавлдық пабликтерде риза болған «Ранет» қоғамдастығы саяжайшыларының жазбалары тарауда. Адамдар Заречный кентіндегі саяжайларда болған өртті сөндіруге көмектескен полицейлерге алғыстарын білдірген.
– «Ранет» саяжайшылар қоғамдастығында орын алған алапат өрт кезінде біздің көшемізде орналасқан 8 саяжай учаскесін оттан аман алып қалуға көмектескен Ойқала учаскелік полиция пунктіндегі полицейлерге алғыс білдіреміз. Олар өрт сөндірушілер келгенге дейін қол астындағы заттармен өртті ауыздықтауға көмектесті, өрт сөндірушілер келгеннен кейін басқаларға көмек көрсетуге кетті, – дейді саяжайшылар.
Өрт 12 сәуір күні кешке 10 гектарға жуық аумақта орын алған. Саяжайдағы көптеген үй-жайлар өртке оранды. Шамамен сағат 16:30-да №2 учаскелік полиция пунктінің қызметкерлері Былғары зауыты ауданындағы шақыртудан келе жатып, саяжайлар аумағында түтінді байқайды. Бұл туралы бірден кезекші бөлімге хабарлап, өрт сөндірушілер мен саяжайшыларға көмек көрсеткен. Көп ұзамай №2 УПП әріптестері және жақын маңда орналасқан бірнеше учаскелік полиция пунктерінің қызметкерлері келген. Петропавл қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері адам шығынын болдырмау үшін саяжайшыларды қауіпсіз ара қашықтыққа шығарып, күзетке тұрған.
– Саяжайшылардың бірі газ балонын сыртқа шығаруды сұрады. Біз үйге кіріп, қауіпті затты шығардық. Тағы бір саяжайда дәл осындай көмек көрсеттік. Өртті сумен, күрекпен, қол астында не болды сонымен сөндірдік. Күн желді болғанымен, бірнеше үйді өрттен аман алып қалдық. Адамдарды отты пайдаланғанда, аса сақ болуға шақырамыз. Салғырттық қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін, – деді №2 учаскелік полиция пунктінің аға учаскелік инспекторы Талап Баймақамбетов.
Өрт ауыздықталғаннан кейін тәртіп сақшылары күнделікті міндеттерін атқаруға кірісті.