Петропавлда пробация есебіндегі сотталғандармен кездесу өтті
Петропавлда пробация есебіндегі сотталғандармен кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында Петропавл қаласының мәдениет үйінде "Өмір сүру құқығы" тақырыбында жұмыс кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шараға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Атап айтқанда отбасын қолдау орталығы, әлеуметтік бейімдеу орталығы, "Демеу" балалық шақ мәселелері жөніндегі үйлестіру орталығы ЖҚБ, "Сенім Солтүстік" үкіметтік емес ұйымы және "Надежда NORD" қайырымдылық қорының мамандары қатысты.
Кездесуге пробация қызметі есебінде тұрған 60-қа жуық сотталған азамат қатысты.
Іс-шара барысында ұйым өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өз қызмет бағыттары мен қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға көрсетілетін көмек түрлері туралы ақпарат берді. Әсіресе әлеуметтік бейімделу, жұмысқа орналастыру, психологиялық қолдау көрсету және тәуелділіктен арылу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар кездесуге бұрын сотталған, бүгінде өмірін оң арнаға бұрып, тәуелділіктен арылып, жеке кәсібін ашып, отбасы құрған азаматтар шақырылды. Олардың өмірлік тәжірибесі қатысушылар үшін маңызды мотивациялық үлгі болды.
Іс-шараның негізгі мақсаты — сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге қолдау көрсету, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізу және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу.
