Погон мен мейірім үндескен жан
Погон мен мейірім үндескен жан қызметі жайлы баяндады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғам тыныштығын күзету, азаматтардың құқықтарын қорғау, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілікті талап ететін міндет. Осындай абыройлы қызметті өмірлік ұстанымына айналдырған жандардың бірі – Астана қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының инспекторы Ляззат Токсанаева.
Абай облысының Бесқарағай ауданында дүниеге келген Ляззат Мұратбекқызы 2008 жылдан бері ішкі істер органдарында мінсіз қызмет атқарып келеді. Он сегіз жылға жуық уақыт ішінде ол кәсібилігімен, табандылығымен және адамға деген жанашыр көзқарасымен әріптестері мен тұрғындардың құрметіне бөленді.
Ляззат үшін полиция қызметі – жай ғана мамандық емес, бұл – ел алдындағы аманат, халыққа қызмет етудің жарқын үлгісі. Ол күн сайын жүздеген азаматпен жұмыс істеп, олардың мәселесін шешуге атсалысады. Әр өтініштің артында адам тағдыры тұрғанын жақсы түсінетін тәжірибелі қызметкер өз жұмысына әрдайым ерекше жауапкершілікпен қарайды.
Қызметтегі қатаң тәртіп пен талапшылдықтың артында үлкен жүрек пен асыл қасиеттер жатыр. Ляззат Мұратбекқызы – өз отбасына тірек, балаларына үлгі бола білген аяулы ана. Жолдасы әскери қызметкер болғандықтан, олардың шаңырағында Отанға қызмет ету, тәртіп пен жауапкершілік секілді құндылықтар ерекше орын алады.
Бүгінде олар бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр. Ұлы таэквандомен айналысып, спорттық жетістіктерге ұмтылса, қызы волейболдан жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Ана ретінде Ляззат олардың әр жеңісіне қуанып, әр бастамасына қолдау білдіреді. Балалары үшін ол тек ана ғана емес, еңбекқорлықтың, табандылықтың және адалдықтың үлгісі.
Тәртіп сақшысының қызығушылықтары да ерекше. Ол бос уақытын тиімді өткізуге тырысады. Спортпен тұрақты айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады. Сонымен қатар аспаздық өнерге ерекше ықылас танытады. Түрлі тағам әзірлеп, жақындарын қуантуды жан дүниесіне жақын көреді. Оның қолынан шыққан әрбір тағам отбасы мүшелерін бір дастарқан басына жинайтын мейірім мен жылулықтың белгісіндей.
Көпшілік үшін полиция қызметкері тек заң мен тәртіптің сақшысы болып көрінуі мүмкін. Ал Ляззат Мұратбекқызы бұл ұғымның әлдеқайда терең екенін дәлелдеп келеді. Ол – кәсіби маман, қамқор ана, сүйікті жар, спортты серік еткен белсенді жан және шығармашылыққа жақын тұлға. Осындай сан қырлы қасиеттері оны әріптестері арасында ерекше беделге ие етті.
Ляззаттың ең үлкен армандарының бірі – балаларының елге адал қызмет ететін азамат болып өсуі. Болашақта олардың полиция қызметінің қатарынан табылып, халықтың сенімін ақтайтын маман атанғанын қалайды. Себебі ол үшін Отанға қызмет ету – ең жоғары мәртебе.
Полиция подполковнигі – қызмет пен отбасы құндылықтарын үйлестіре білген, өз ісіне шынайы берілген, қажырлы еңбегімен құрметке бөленген жан. Оның өмір жолы жас қызметкерлерге де, өскелең ұрпаққа да үлгі. Өйткені нағыз офицердің күші тек погонда емес, адамгершілігінде, адалдығында және халқына деген шексіз сүйіспеншілігінде.
