Полиция жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін күшейтті
Жаз мезгілінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Жазғы демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдер үйден тыс жерде көбірек уақыт өткізетіндіктен, бұл полиция мен ата-аналар тарапынан профилактикалық жұмысты күшейтуді талап етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осыған байланысты елорда аумағында "Түнгі қаладағы балалар" жедел-профилактикалық рейдтік іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Рейдтік шаралар полиция қызметкерлерінің, әкімдік, білім басқармасы және прокуратура өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі. Тексеру барысында саябақтар, гүлзарлар, жастар көп жиналатын демалыс орындары, компьютерлік клубтар, сондай-ақ ойын-сауық мекемелері назарға алынады.
Жазғы кезең басталғалы бері балаларды тәрбиелеу және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 100-ге жуық ата-ана жауапқа тартылды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде және ойын-сауық орындарында болған 700-ден астам дерек анықталды. Осы фактілер бойынша да жасөспірімдердің заңды өкілдері жауапқа тартылды.
Мұндай жағдайлар жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Балалардың ересектердің бақылауынсыз түнгі уақытта жүруі олардың құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуына, алкогольдік ішімдіктерді немесе өзге де тыйым салынған заттарды тұтынуына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар қылмыс құрбанына айналу немесе жазатайым оқиғаларға ұшырау қаупін арттырады.
Полиция ата-аналарды балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға, олардың жүрген жерін және араласатын ортасын бақылауда ұстауға, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды кешкі және түнгі уақытта қараусыз қалдырмауға шақырады.
Балалардың қауіпсіздігі – ең алдымен ересектердің жауапкершілігінен басталады.
