Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер әнмен жерлестерін үйде отыруға шақырды

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері өздерінің әнімен жерлестерін үйде отыруға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бір күннің ішінде Полиция департаментінің бір ғана аккаунтында “Біз біргеміз!” клипі 8,5 мың рет қаралған. Қазіргі жағдайда тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жүрген әріптестері мен медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында жасалған клиптің авторы – облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Коронавирустық инфекцияға қарсы күресте полицейлер блок-бекеттерде тәулік бойы кезекшілік етіп, қоғамдық тәртіпті сақтап, сондай-ақ инфекция анықталған ошақтарды күзетіп келеді.

Клип белгілі шығармашыл тұлға – Құмарбек Қалқатаев әнінің негізінде жасалған. Актер, композитор осы патриоттық ән арқылы Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтің кіндік қаны тамған өлкеге деген сүйіспеншілігін білдірген. Облыстық Полиция департаментінің вокалдық тобы үйреншікті сахнада айтпаса да, өңірдегі карантин жағдайында барлығы бірге ән шырқады. Ән – “Біз біргеміз!” ортақ хэштегімен үйде жазылды. Ал, жұмыстағы қызметкерлер әнді жұмыс орындарында отырып орындаса, үйдегілер ас үйде, отбасымен бірге дастархан басында, тіпті жуынатын бөлмедегі айнаның алдында қырынып тұрып орындады.

Дәл осы тұрмыстағы күнделікті тыныс-тіршілік клипке рең берді және көрермендер оны жақсы қабылдады. Бейнероликтің басты лейтмотиві және облыстық полицияның шығармашылық тобының идеясы “Үйде отыруға” шақыру болды. Сонымен қатар, көптеген желі қолданушылары оны жеке парақшаларына жүктеп, пікірлерін білдіріп, қосымша қолдау көрсетті.

Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті басшысының орынбасары Қапез Дәулетбаев, клипті дайындау кезінде тәртіп сақшыларының қызмет атқару кезіндегі сәттерін де пайдаланылғанын атап өтті.

“Бұл патриоттық ән арқылы оқшаулау жағдайындағы жерлестеріміздің рухын көтеру; өңірдің тіршілігін қамтамасыз етіп, жұмыс орнында жүргендерге қолдау көрсету.Егер көңілдеріңізден шықса, біз оған қуанамыз. Біз бәріміз біргеміз!”, – деп қорытындылады Қапез Дәулетбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру