Полицейлер елордалықтарды алдаған сериялық интернет-алаяқтарды ұстады
Полицейлер елордалықтарды алдаған сериялық интернет-алаяқтарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды мен Павлодардың екі тұрғыны интернет-ресурстар арқылы астаналықтарды алдаған.
Бірінші жағдайда, 23 жастағы Қарағанды тұрғыны ВКонтакте әлеуметтік желісінде фейк аккаунттар ашқан. Басқа адамдардың суреттері мен жеке деректерін жариялау арқылы ол бөтен адамдардан туыстары мен достарының емделуіне ақша сұраған. Осылайша ол елорданың 11 тұрғынын алдаған.
Басқа жағдайда Krisha.kz сайтында жоқ пәтерлерді жалға беру туралы хабарландыруларды жариялаған Павлодардың 24 жастағы тұрғыны ұсталды. Пәтерді жалға алуды қалаушыларға ол мобильді банкинг арқылы 10 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін шағын аванстық төлемді аударуды ұсынған. Қазіргі таңда Астананың алданған 5 тұрғыны полицияға жүгінген.
Есіл ауданының полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында алаяқтарды ұстады. Екі жігіттің де осыған ұқсас қылмыстары үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта қалған зардап шеккендер анықталып жатыр.