Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер Қарағанды облысында жол тазалау ұйымдарының қысқы кезеңге дайындығын тексерді

Полицейлер Қарағанды облысында жол тазалау ұйымдарының қысқы кезеңге дайындығын тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері “ҚазақАвтоЖол” ҰК АҚ ҚОФ, “Қазақавтодор” ЖШС өкілдерімен бірлесіп жол және коммуналдық ұйымдардың қысқы жолдарды күтіп ұстауға дайындығын тексерді. Олар арнайы техниканың болуына, оның жұмысқа жарамдылығына, мұздан тазартатын және жанар-жағармайдың қорларына баса назар аударды.

– Қазіргі таңда облысымызда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының желісі 2300 шақырымды құрайды. Оларға техникалық қызмет көрсету үшін өзіміздің 100 бірлік, жалға алынған 40 бірлік техника бар. Жолдарды қысқы күтіп ұстау үшін барлық қажетті материал дайындалды: үш мың тонна тұз, екі мың тонна көмір. Сондай-ақ олар жанар-жағармай қорын құрды: 30 тонна дизельдік отын, сегіз тонна бензин. 300 жұмысшы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жауын-шашын мен ауа температурасының төмендеуіне байланысты тәулік бойы жұмыс істеп тұр, – дейді “ҚазақАвтоЖол” ҰК АҚ ҚОФ Қарағанды облыстық филиалының директоры Айдос Серік.

– Бүгін біз техникалық шолуды өткіздік. Ең бастысы, ауа-райы нашарлаған жағдайда уақытылы бару және тазалау. Біріншіден, облыстан кетіп бара жатқан жүргізушілерге ауа райы болжамына мән берулерін ескертемін. Кейін боранның астында қалмау үшін. Әрине, көліктің техникалық жағдайын тексеріңіз, жазғы дөңгелектерді қысқыға ауыстырыңыз. Содан кейін ғана жолға шығуға болады, – деді облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Сәбит Досмұрзаев.


Айта кету керек, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жылдың басынан бері полицейлер жолдарда, қалалар мен облыс орталықтарының жол желілерінде 1917 тексеру жүргізген. Олар жол және коммуналдық мекеме басшыларына кемшіліктерді жою жөнінде 1807 тапсырма берді. Жолдарды күтіп ұстау ережелерін бұзғаны үшін 260 уәкілетті тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны ұйымдастыруды жақсарту бойынша пәрменді шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға 567 ұсыныс жолданды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру