Полиция елорда тұрғындарына бет-жүзді жабуға қатысты талаптарды түсіндірді
Астана қаласының полиция департаментінің қызметкерлері қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге қатысты қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау жөнінде тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері азаматтарға қоғамдық орындарда адамның жүзін толық жабатын киімдерді киюге тыйым салынатынын ескертеді. Бұл талаптар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтардың тұлғасын жедел анықтауға мүмкіндік жасауға және қаладағы құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған.
Профилактикалық іс-шаралар аясында полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесулер өткізіп, қолданыстағы заңнаманың негізгі талаптарын түсіндіреді. Сонымен қатар азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, белгіленген ережелерді сақтаудың маңызына ерекше назар аударады.
Полиция аталған талаптарды сақтау құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
