Полиция Павлодар облысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары туралы айтты
Полиция Павлодар облысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары туралы айтты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев өңірде қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Спикердің айтуынша, қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған ұйымдастырушылық және практикалық шаралардың кешенді түрде жүзеге асырылуы нәтижесінде өңірде қылмыс деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалады.
Кешкі уақытта учаскелік полиция инспекторлары есепте тұрған тұлғаларды, оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді теріс пайдаланатын азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тексеріп, профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Жыл басынан бері 2061 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, алкогольді теріс пайдаланатын 60 тұлға есепке қойылды. Сонымен қатар, алкогольдік және есірткіге тәуелді азаматтарды мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы полицияның 65 өтінішхаты сот тарапынан қанағаттандырылды.
Өңірде алкоголь өнімдерін заңсыз сату деректерін анықтау, сондай-ақ есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымының жолын кесу бағытында жедел-профилактикалық іс-шаралар мен рейдтер тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Алкоголь өнімдерін өткізу талаптарын бұзғаны үшін 131 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 49 сауда нүктесінің лицензиясы тоқтатылды. Темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзғаны үшін 91 адам жауапқа тартылды.
Айта кету керек, 31 ауылда кәсіпкерлер алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартқан. Бұл бастама ауылдардағы криминогендік ахуалдың жақсаруына оң әсерін тигізіп отыр. Аталған елді мекендерде осы кезеңде қылмыс тіркелмеген.
Сонымен қатар өңірде тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың да азаюы байқалады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау мақсатында учаскелік инспекторлар 1106 қорғау нұсқамасын шығарды. Полицияның өтінішхаты негізінде соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты 420 ерекше талап белгіледі. Оның ішінде 415 құқық бұзушыға алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынса, 84 адамға психологиялық көмек алу міндеттелді.
Есепті кезеңде балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 266 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және тұрғынжайдан тыс жерлерде болуының 492 дерегі тіркелді.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 20 кәсіпкерлік субъектісі жауапқа тартылды.
Қоғамдық қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. Әрбір азаматтың заң талаптарын сақтауы тұрғындардың тыныштығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылады.
- Заң талаптарын басшылыққа ала отырып, Ертіс өңірінің полицейлері азаматтардың құқықтық тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы қызметін одан әрі жалғастыруға дайын, – деп қорытындылады Азамат Күркебаев.
