Полиция қызметкері QARAGANDY HALF MARATHON 2026 жарысында күміс медаль жеңіп алды
Павлодарлық полицей QARAGANDY HALF MARATHON 2026 жарысында күміс медаль жеңіп алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласында өткен ауқымды спорттық шара – QARAGANDY HALF MARATHON 2026 жарысына Қазақстан Республикасы ІІМ "Арлан" спорт клубының өкілі, Павлодар облысы ПД-ның полиция қызметкері Асель Абдраманова қатысты.
Жарысқа Қазақстанның түрлі өңірлерінен 2 мыңға жуық әуесқой және кәсіби спортшы жиналды. Қатысушыларға 5, 10 және 21 шақырым қашықтықтары ұсынылып, әр спортшы өз дайындығына сай сынға түсуге мүмкіндік алды.
Жарыс қорытындысында Асель Абдраманова 10 шақырымдық қашықтықта жоғары нәтиже көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды.
- Мен үшін мұндай жарыстарға қатысу – физикалық мүмкіндіктерімді сынап қана қоймай, мақсатқа ұмтылу, тәртіптілік пен жоғары нәтижеге деген талпынысты көрсету мүмкіндігі. Мұндай жетістікке жету үшін жүйелі жаттығу, төзімділік, мықты мінез және әр шақырым сайын өзіңді жеңе білу қажет, – дейді күміс жүлдегер Асель Абдраманова.
Павлодар облысы полиция қызметкерінің бұл жетістігі ҚР ІІМ "Арлан" спорт клубы мен Павлодар облысы ПД-ның спорттық жетістіктер қоржынына қосылған лайықты үлес болды.
Полиция қызметкерлерінің спорттық іс-шараларға белсенді қатысуы салауатты өмір салтын насихаттауға, дене шынықтыруды дамытуға және жоғары нәтижелерге қол жеткізу жолындағы командалық рухты нығайтуға ықпал етеді.
