Полиция жаңа жылдық мерекелер қарсаңында пиротехниканы қалай дұрыс пайдалану керектігі туралы айтты
Полиция жаңа жылдық мерекелер қарсаңында пиротехниканы қалай дұрыс пайдалану керектігі туралы айтты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында полиция қызметкерлері азаматтарға пиротехникалық құралдарды қауіпсіз пайдалану бойынша маңызды ұсыныстарды айтты. Отшашуларды дұрыс қолданбау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
- Барлық азаматтарға пиротехниканы қолданған кезде сақ болуға кеңес береміз. Кез-келген қателік қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Біз қауіпсіздік ережелерін бұзбауға, адамдар көп жиналатын жабық үй-жайларда және көшелерде пиротехникалық бұйымдарды пайдаланбауға, сондай-ақ пиротехниканың стандарттарға сәйкес келетініне және тек тексерілген жерлерде сатып алынғанына көз жеткізуге шақырамыз, - деп Алматы полициясы кеңес берді.
Сондай-ақ полиция пиротехникалық құралдарды пайдалану ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің қарастырылатынын атап өтті. Тәртіп сақшылары азаматтарды ықтимал қауіптердің алдын алу үшін қауіпті пиротехниканы сату немесе оларды заңсыз пайдалану жағдайлары туралы хабарлауға шақырады.
Бұдан басқа, қазіргі уақытта пиротехникалық бұйымдарды заңсыз дайындау және сату фактілерін анықтауға бағытталған "Пиротехника" жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Полиция қызметкерлері тыйым салынған немесе сертификатталмаған пиротехникалық құралдарды сататын сауда нүктелерін тексеріп, жолын кеседі.