Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицияны себепсіз шақыра берген астаналық тұрғынға айыппұл салынды

Полицияны себепсіз шақыра берген астаналық тұрғынға айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

102 нөмірі – әр адам білетін ең маңызды телефон нөмірі. Алайда көп жағдайларда ол ойын құралына айналады.

Полицияның жедел қызметтері кез келген хабарламаға жауап беруге міндетті. Өйткені ешкім оның жалған екеніне жүз пайыз кепілдік бере алмайды. Полицейлер адамдарға қауіп төніп тұрған жоқ деп толық сеніммен айтпас бұрын қауіп-қатерді толығымен жоюы керек.

Көрінеу жалған қоңырау шалулардың көбісі азаматтардың жеңіл-желпі іс-әрекеттерімен байланысты. Полицейлер сигнал бойынша бір-екі минут ішінде шақыртуға шығады және оқиға орнына келген кезде ғана қоңырау жалған екендігі анықталып жатады.

Жыл басынан бері елорданың 40 жастағы тұрғыны полицияға 99 рет қоңырау шалған. Барлық қоңырау шалулар бойынша дереу қызмет көрсетілді, алайда қоңыраулардың бір-екеуі ғана полицияның араласуы қажет оқиғаларға қатысты болған. Қоңыраулардың көп бөлігі жалған болып шықты, бірақ әрбір шалынған қоңырау бойынша полицияның кешенді күштері, кейбір жағдайларда жедел-тергеу топтары қызмет көрсетуге шыққан. 

Мәселен, жоғарыда аталған азаматтан полицияның 102 арнасына сағат 04.24-те Абай даңғылындағы супермаркеттің жанында белгісіз ер адам пышақпен жүріп, адамдарға қауіп төндіріп жүргені туралы бірнеше қоңырау келіп түсті. Қоңырау шалушы тез әрекет етуді сұраған. Оқиға орнына дереу полиция жасағы шыққан. Алайда тексеру барысында факті расталмады.

Полиция қызметкерлері қоңырау шалушының жеке басын анықтады. Ол мойындау көрсетпелерін берді және қоңырауларды мас күйінде шалғанын айтты. Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК 438-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оған 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар оған қатысты қоғамдық орында алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. 

Қазіргі уақытта Астана қаласының Полиция департаменті залалды өндіріп алу үшін азаматтық сотқа материал дайындауда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру