Қостанай облысының полицейлері өртке оранған көлікті сөндірді
Қостанай облысы полицейлері патрульдеу кезінде өрт сөндірушілер келгенге дейін жанып жатқан көлікті сөндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz
8 қараша күні сағат 17:00 шамасында Арқалық қаласы полиция бөлімінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғыннан тұрғын үйдің жанында көлік жанып жатқаны жайлы хабарлама келіп түсті.
Полицейлер Ернұр Антонов пен Дидар Қойбағаровтың құрамындағы автопатруль өрт орнына келіп, бірден өртті сөндіруге кірісті. Қызметкерлердің күшімен жалын 5 минутта ауыздықталып, осылайша көрші көліктердің өртенуіне жол берілмеді.
Патрульдер көліктің иесін анықтап, оған болған жайт туралы хабарлады. Автокөлік иесі Арқалық полицейлеріне өз алғысын жеткізді.
– Мен тіпті көлігімнің жанып жатқанын білмедім. Полиция қызметкерлерінің жеделдігі үшін зор алғысымды білдіремін. Олардың үйлесімді әрекеттерінің арқасында көлігімнің салоны мен көрші көліктер өрттен аман қалды, – дейді көлік иесі.
Алдын ала мәліметтер бойынша автокөліктің өздігінен жануы техникалық себептерге байланысты болған. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.