Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Прекурсорлар, есірткі зертханалары, ампулалар мен таблеткалар: ІІМ-де “Дәрмек” операциясы туралы айтылды

Еліміздің аумағында ішкі істер органдары кең ауқымды “Дәрмек” жедел алдын алу іс-шарасын өткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оның мақсаты – контрабандалық жолмен тасымалдау, бақылаудағы заттардың заңсыз айналымға кетуін анықтау және жолын кесу.

Рейд барысында полицейлер есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды заңды айналым саласында пайдаланатын кәсіпорындар мен ұйымдарды тексереді.

Операция басталғаннан бері осы салада 11 қылмыс және 186 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке 186 адам тартылды, оның ішінде 36 медицина қызметкері.

45 мыңға жуық таблетка мен ампула, құрамында есірткі құралдары мен психотроптық заттар бар медициналық препараттар тәркіленді, олар заңға сәйкес сақталмаған. Лицензиялау нормаларының және оларды сақтау объектілеріне қойылатын техникалық нығайту талаптарының бұзылуына байланысты екі мың тоннадан астам прекурсорлардың айналымы шектелді.

Мысалы, Ақмола облысында Алтын-Тау станциясында жүк пойызын тексеру кезінде тасымалдаушы тараптың заңбұзушылығы анықталды. Күкірт қышқылы бар 19 вагонды күзетпен алып жүруді қамтамасыз етпеген. Табылған 1292 тонна прекурсор мөрленіп, жауапты сақтауға берілді.

Ақмола облысы / 19 вагон күкірт қышқылы

Алматы қаласындағы кәсіпорындардың бірін тексеру кезінде ацетон (100 кг), диэтилді эфир (352 кг), калий перманганаты (456 кг), тұз қышқылы (160 тонна), күкірт қышқылы (160,5 тонна) сияқты прекурсорларды есепке алу және сақтау ережелерін бұзу фактісі анықталды.

Алматы / ЖШС

Аталған жайттар бойынша басшыларға қатысты әкімшілік іс қозғалды.

Сондай-ақ Алматы облысының Қонаев қаласы мен Еңбекшіқазақ ауданында синтетикалық есірткі өндіретін екі жасырын есірткі зертханасы жойылды.

Алматы облысы / екі есірткі зертханасы

5 келіден астам синтетикалық есірткі, прекурсорлар, есірткі құралдарын дайындау барысында пайдаланылатын құрылғылар мен респираторлар тәркіленді. Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер УҰИ-ға қамауға алынды.

Анықтама: Прекурсор – бұл есірткінің, психотроптық заттың немесе жарылғыш заттың пайда болуына әкелетін реакцияға қатысатын зат. Прекурсорларға сірке қышқылының ангидриді, ацетон, металл сынап, метил спирті, пикрин қышқылы, күкірт және тұз қышқылдары, толуол, фосфор, хлороформ, эфедрин және басқа заттар жатады. Тұз және күкірт қышқылдары есірткі мен психотроптық заттарды заңсыз өндіруде жиі қолданылатын прекурсорлардың тізіміне кіреді. Мұндай заттармен жасалатын барлық операцияларды мемлекет лицензиялайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру