Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Приозерскте жаңа учаскелік полиция пункті жұмысын бастады

Приозерскте жаңа учаскелік полиция пункті жұмысын бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

12 мыңнан астам халқы бар Приозерск қаласының қоғамдық қауіпсіздігі мен тыныштығын қадағалау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлеріне жүктелген. 11 қараша күні қалада жаңа учаскелік полиция пунктінің ашылу салтанаты болды. Аталған іс-шараға облыстық полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов арнайы қатысты.

– Бұл жерде полиция қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақ тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Әріптестеріміз халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындайды деп сенемін. Учаскелік полиция пунктін ашуға ат салысқан қала әкіміне, маслихат депутаттарына өз атымнан алғысымды білдіремін, – деді Санжар Әділов.

Қала тұрғындарына есігін айқара ашқан учаскелік полиция пунктінде төрт қызметкер өздеріне бекітілген аумақтың қауіпсіздігін қадағалау жолында еңбек ететін болады. Бұл аумақта үш мыңнан астам адам тұрады. Сондықтан да учаскелік полиция пунктін ашу – уақыт талабы, деді қала әкімі Мансұр Ахметов.

Пайдалануға берілген учаскелік полиция пунктінің лентасы қиылып, сол аумақта тұратын көне көз қария анамыз қазақы дәстүрмен шашуын шашты.

Осыдан кейін салтанатты іс-шараға жиналғандар учаскелік полиция пунктінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Атқарушы билік өкілдері алдағы уақытта полицияға көрсетілетін көмек бұнымен тоқтап қалмайтынын, келесі жылы қала көшелеріндегі адам көп жиналатын жерлерге мобильдік бекеттер ашылатынын тілге тиек етті. Жиын соңында облыстың бас сақшысы Санжар Әділов учаскелік полиция пунктіне компьютер сыйға тартты.

– Бұған дейін Призерск қаласында екі учаскелік полиция пункті ғана болған. Бұл аумақта көбінесе жер үйлер орналасқан. Қала шетіндегі учаскелік полиция пункті. Тұрғындардың келуіне өте ыңғайлы. Біздің міндет халықпен тығыз қарым қатынас жасап, қауіпсіздікті қадағалау,-деді учаскелік полиция инспекторы Мұхаммед Шалғынбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру