Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Пробация есебіндегі азамат жасаған ісіне өкініш білдірді

Қызылорда облысында пробация есебіндегі азамат жасаған ісіне өкініш білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі есебінде түрлі қылмыс жасаған азаматтар бақылауда тұр. Солардың бірі жуырда сот үкімімен ұрлық жасағаны үшін бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына тартылған ер адам.

Қазіргі уақытта ол пробация қызметінің есебінде тіркеуде тұр.

Елу жастан асқан азамат бүгінде жасаған ісіне қатты өкінетінін айтады. Оның сөзінше, бір сәттік әлсіздік пен ішімдіктің әсері оны қателікке итермелеген.

- Досыммен бірге ішімдік ішіп отырып, бір сәттік оймен телефон ұрлап кеттім. Сол кезде дұрыс шешім қабылдай алмадым. Қазір соған қатты өкінемін. Елу жасқа таяғанда мұндай іске барғаныма ұяламын. Туған-туыстарым мен жолдастарымның алдында да қатты ыңғайсызданамын. Ұрлықты біле тұра жасадым ғой. Ендігі арманым — қалған өмірімді дұрыс өткізу. Бұрынғы қателігімді қайталамауға тырысамын, - дейді ол.

Пробация қызметінің аға инспекторы Жанар Сұлтанованың айтуынша, мұндай азаматтармен тек бақылау жұмыстары ғана емес, әлеуметтік-тәрбиелік шаралар да қатар жүргізіледі. Негізгі мақсат — оларды қоғамға қайта бейімдеу және қайталама қылмыстың алдын алу.

Бүгінде сотталған азамат өз өміріне жаңаша көзқараспен қарап, болашағын түзетуге талпынып жүр.

Қазіргі таңда қалалық пробация қызметінің есебінде 500-ден астам сотталған тіркеуде тұр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру