Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қабырғадағы үнсіз сыр: Қарағанды облысындағы ҚАЖ мекемесінде 5 метрлік мурал салынды

Қарағанды облысындағы ҚАЖ мекемесінде 5 метрлік мурал салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аспанға сабын көпіршіктерін ұшырып тұрған бала бейнесі алғаш қарағанда балалық шақтың бақытты бір сәтін елестетеді. Алайда бұл көріністің астарында үлкен мағына жатыр. Көкке көтерілген әрбір көпіршікпен бірге бала жүрегіндегі ең қымбат жанға деген сағыныш, мейірім мен жылулыққа деген үміт бірге өріліп жатқандай. Ол жанында болуы тиіс адамды — қамқорлық пен көңіл бөлуді күтеді.

Дәл осы ойды №31 мекемеде сотталғандар салған жаңа мурал жеткізеді. Өнер туындысы "Ол аспанға көпіршік ұшырып жатқанда, сен туралы ойлайды. Балалық шақ тез өтіп кетеді. Оның әр сәтінде бірге болуға үлгер" деген мағыналы сөздермен толықтырылған.

Бұл сурет мекеме аумағын безендіретін қарапайым көркем жұмыс қана емес. Ол — балалық шақтың қайталанбайтын кезең екенін еске салатын үндеу. Себебі баланың әрбір есейген күні — қайта оралмайтын уақыт. Ешқандай материалдық құндылық балаға жақындарының мейірімі мен ықыласын, жан жылуын алмастыра алмайды.

Муралдың авторы — көркемдік қабілеті бар сотталғандардың бірі. Ол өнер арқылы әр адамға жақын құндылықтарды: отбасының маңызын, туған-туыс алдындағы жауапкершілікті және өмірді өзгертуге мүмкіндік бар екенін жеткізе алды.

Мұндай шығармашылық жобалар – мекемедегі тәрбие жұмысының бір бағыты. Сотталғандар өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып, қоршаған ортаны көркейтіп қана қоймай, өмірлік құндылықтарына қайта көз жүгіртуге мүмкіндік алады. Әрбір осындай туынды адам үшін ең үлкен байлықтың отбасы екенін еске салады.

Кейде бір суретке қараудың өзі адамды ойға жетелейді. Себебі балалық шақ расында да көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Ең маңыздысы — сол балалықтың әрбір сәтінде бірге болуға үлгеру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру