“Қайырымдылық қорының мүшесімін”: Шымкентте 60 дүкеннен ақша жымқырған алаяқ ұсталды
Шымкентте қайырымдылық қорының мүшесімін деп 60 дүкеннен ақша жымқырған алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Абай АПБ-на “102” сымтетігі арқылы қайырымдылық қорының өкілі арызданған. Ол өз шағымында қордың атын жамылған белгісіз азаматтың 60 сауда нүктесінде орналасқан жәшіктердегі қаражатты заңсыз жолмен иеленгенін көрсетті. Яғни, ол сатушыларға өзін аталған мекеменің қызметкері ретінде таныстырып, сеніміне кіріп, 300 мың теңгеге жуық ақшаны жымқырған.
Шағым түскен сәттен бастап тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікті жалдамалы пәтердің бірінен ұсталып, қамауға алынды.
Қазіргі таңда аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.