Қарағанды академиясының курсанттары құқықтық білім сайысында Гран-при иеленді
ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттары прокурорлық қадағалау бойынша өткен олимпиадада үздік нәтиже көрсетіп, Гран-при жеңіп алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Білім сайысы Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде ұйымдастырылды. Олимпиада университеттің 60 жылдық мерейтойы мен Қазақстан Республикасы прокуратурасының 35 жылдығына арналды.
Зияткерлік жарысқа қатысушылар прокурорлық қадағалау саласындағы білімдерін ортаға салып, теориялық сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар тәжірибелік тапсырмаларды орындап, құқықтық жағдайларды талдау және өз шешімдерін заң тұрғысынан негіздеу қабілеттерін көрсетті.
Нәтижесінде Қарағанды академиясының Р.Мұхамедғали, С.Темірболат, С.Мұратжан және Е.Жауынбек есімді курсанттарынан құралған команда Гран-при иегері атанды. Жеңімпаздарды қылмыстық процесс кафедрасының оқытушысы А.Серік дайындады.

Академия бастығы Ержан Бимолданов курсанттардың жетістігіне тоқталып, құқықтық білімнің болашақ қызметтегі рөлін атап өтті.
– Құқық қорғау саласында әрбір шешім заңға негізделуі керек. Сондықтан болашақ полицейлер заңнаманы біліп қана қоймай, оның талаптарын терең түсініп, түрлі жағдайларда дұрыс қолдана білуі қажет. Прокурорлық қадағалау – заңның сақталуын қамтамасыз ететін маңызды тетіктердің бірі. Осындай олимпиадалар курсанттардың құқықтық ойлау қабілетін шыңдайды. Жастарымыздың осындай деңгейде нәтиже көрсетуі біз үшін қуанышты жағдай, – деді Ержан Бимолданов.
Мемлекетте заң үстемдігін орнықтыру және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау білікті мамандар даярлаудан басталады. Осы тұрғыдан алғанда, болашақ полицейлердің құқықтық білімін жетілдіру мен кәсіби ойлау қабілетін қалыптастыру ведомстволық оқу орындарының маңызды міндеттерінің бірі.
