Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде тағылымды іс-шара өтті

Халықаралық отбасы күніне орай Қарағанды облысы бойынша №33 мекемеде сотталғандардың отбасылық байланыстарын нығайтуға бағытталған тағылымды іс-шара ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара аясында сотталғандарға туған-туыстары және жақындарымен байланыс орнатуға мүмкіндік беріліп, олар отбасы мүшелерінің дауысын естіп, мерекемен құттықтап, жүрекжарды жылы лебіздері мен сағынышын жеткізді. Көпшілік үшін бұл ерекше сәттер үлкен рухани қолдау мен қуаныш сыйлады.

Отбасы – адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі. Тіпті жазасын өтеу кезеңінде де жақын жандардың қолдауы адамға күш-жігер беріп, болашаққа деген сенімін нығайтады. Осындай кездесулер мен байланыстар сотталғандардың психологиялық жағдайына оң әсер етіп, олардың түзелуге деген ұмтылысын арттыруға ықпал етеді.

Мекеме әкімшілігінің айтуынша, мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, туыстық қарым-қатынасты сақтау және сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсету. Отбасының мейірімі мен қолдауы адамды дұрыс жолға бағыттайтын маңызды факторлардың бірі болып табылады.

Өз кезегінде сотталғандар мекеме әкімшілігіне алғыстарын білдіріп, жақындарымен тілдесу олардың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, алға ұмтылуға мотивация беретінін атап өтті. Кейбірі отбасы даусын есту олар үшін үлкен үміт пен рухани демеу болғанын жеткізді.

Осындай тәрбиелік маңызы зор шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, отбасы институтының қоғамдағы рөлін нығайтуға өз үлесін қоса бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру