Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында студенттерге бет-жүзді жабатын киімге қатысты заң талаптары түсіндірілді

Қарағанды облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері оқу орындарының әкімшілігімен бірлесіп, студенттер арасында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндіруге бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған кездесулер барысында студенттерге 2026 жылғы 2 наурыздан бастап ел аумағында қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін жауып, жеке басын тануға кедергі келтіретін киім-кешек элементтерін киюге тыйым салатын норма күшіне енгені түсіндірілді. Тиісті талаптар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде бекітілген.

Сонымен қатар хиджаб, шейла, химар, әл-амира сияқты бет-жүзді толық жаппайтын діни киім элементтері аталған талапқа жатпайтыны атап өтілді. Бұдан бөлек, бұл тыйым ауа райы жағдайларына, медициналық көрсеткіштерге, заң талаптарын орындауға, қызметтік міндеттерді атқаруға, азаматтық қорғау саласындағы қызметке, сондай-ақ спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысу жағдайларына қолданылмайды.

Іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері студенттерге заң талаптарын кеңінен түсіндіріп, ақпараттық материалдар таратып, жастардың сұрақтарына жауап берді. Әсіресе оқу орындары аумағында және адамдар көп шоғырланатын жерлерде құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды.

Полицейлер қолданыстағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске салып, студенттерді қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шараларға түсіністікпен қарауға және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру