Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысының мектебінде ерлік сабағы өтті

Қарағанды облысында өрт кезінде қайсарлығымен көзге түскен полиция қызметкерлерінің қатысуымен мектепте ерлік сабағы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысы, Абай қаласындағы №3 жалпы білім беретін мектепте ерлік сабағы өтті. Іс-шараның басты қонағы патрульдік полиция взводының қызмет инспекторлары Азамат Тастенұлы мен Мейіржан Дүйсекенов. Полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару барысында жеке үйде шыққан өртке бірінші болып жетіп, жәбірленушілерге қол ұшын берген. Өрт кезінде Азамат Тастенұлы жанып жатқан үйдің ішінен газ баллонын алып шыққан.

– Бүгін елімізде Алғыс айту мерекесі. Осы залда отырған баршаңызды алғыс айту күні мерекесімен құттықтап, баршаңызға денсаулық, ашық аспан тілеймін. Бүгінгі шараның басты мақсаты жастарды Отан сүйгіштікке баулу. Сондықтанда жастарға үлгі ретінде жақында ғана өжеттігімен көзге түскен тәртіп сақшыларын шақырып отырмыз, – деді ерлік сағатын ашқан Қарағанды облыстық полиция департаменті кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Ділмағанбетов.


Шара барысында, Ғабит Қожахметұлы қызметте ерлігімен көзге түскен тәртіп сақшыларына департамент бастығы Ерлан Файзуллиннің бұйрығымен Ішкі істер министрлігінің нышаны бар қол сағат табыстады.

– Өрт болып жатқан жерге келгенімізде біздің басты мақсатымыз ол үйдегі адамдарды аман алып қалып, үйдің құлауына жол бермеу болды. Үйге кіріп алдымен газ баллонын алып шықтым. Үйге келгенімде болған жағдай туралы үйдегілерге тіс жармадым. Жалпы мен жұмыста болған жағдайлар туралы үй ішіне көп айта бермеймін. Болған жағдайды анам теледидардан көріпті, – дейді Азамат Тастенұлы.

Ерлік сабағында өрттен жапа шеккен Елена Абеновамен оның қызы Соледатта қатысты. Осы кісілерге полиция қызметкерлері өрт кезінде көмек көрсеткен.

– Өрт қаспен көздің арасында болды. Ас бөлмесінің есігін ашқанымда бірден өрт лап қойды. Қызым терезеден секіріп, жалаң аяқ сыртқа шығып кетті. Ал мен сегіз айлық немеремді алып, түтін басқан үйде бөлмеден бөлмеге жүре беріппін. Ашық терезені тауып алып, үстінде іш көйлекпен ғана бар баламен далаға шықтым. Баламен қызыммен далаға шыққанымда бірде бір көршім болмады. Өтіп жатқан көліктерде тоқтамады. Сөйтіп тұрғанымызда полиция қызметкерлерінің көлігі көмекке келіп, бізді көлікке отырғызып, өздері өрт сөндіруге кірісті. Ал, Азамат бірден қайсарлық танытып, жанып жатқан үйге кіріп, газ баллонын алып шықты. Егер ол болмағанда баллон жарылып, біз үйсіз қалар едік. Бұл жігіттерге алғысым шексіз. Оларды тәрбиелеген ата-аналарына бас иемін. Сіздерге көп рахмет, – деді өрттен жапа шеккен Елена Абенова.

Сондай-ақ ерлік сабағына түрлі этнос өкілдері қатысып, полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру