Қарағандыда 40 жас полицей ант қабылдады
Қарағанды қаласы полиция басқармасының саптық алаңында жас қызметкерлер елге адал қызмет етуге ант берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты шара барысында 40 жас маман әріптестері, тәлімгерлері мен басшылық алдында ант беріп, құқық қорғау саласындағы жауапты қызмет жолына ресми түрде қадам басты.
Отан қорғаушылар күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл маңызды рәсім кешегі курсанттар мен студенттердің өміріндегі жаңа белесті айқындады. Енді олар ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған абыройлы міндетті атқаруға кірісті.

Іс-шара Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастығы Шахназар Салиннің құттықтау сөзімен басталды.
— Құрметті жас қызметкерлер! Бүгін сіздер халық пен мемлекетке адал қызмет етуге ант бердіңіздер. Полиция қызметі — үлкен жауапкершілік пен батылдықты талап ететін мамандық. Сіздердің әрбір әрекеттеріңіз азаматтардың қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпке және құқық қорғау органдарына деген сеніміне тікелей әсер етеді, — деді басқарма бастығы.
Сонымен қатар ол жас мамандарға мықты денсаулық, қажыр-қайрат және қызметтеріне табыс тілеп, олардың еңбегі әрдайым заң мен әділдікті қорғауға бағытталуы керектігін атап өтті.
