Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда волейболдан дәстүрлі турнир өтті

Қарағанды облыстық полиция департаментінің “Динамо” дене шынықтыру залында милиция генерал-майоры Владимир Шумиленконы еске алуға арналған волейболдан дәстүрлі турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Байрақты бәсекеге полиция департаментіне қарасты басқармалар мен аумақтық бөліністерден 19 команда қатысты. Спортшылар күн ұзаққа турнирдің жеңімпаздарын анықтау мақсатында үздік ойындар көрсетті. Турирдің құрметті қонағы ретінде генералдың қызы Алена Балацкая қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны, екінші орынды Қарағанды қалалық полиция басқармасының құрама командасы иеленсе, үшінші орынды жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері місе тұтты. Жарыстың жабылу салтанатты іс-шарасына полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов қатысты.

– Барлық жарысқа қатысушыларға бүгінгі турнирдің сәтті аяқталуымен құттықтаймын. Милиция генерал-майоры Владимир Шумиленко бар өмірін қоғамдық қауіпсіздікті сақтап, елдің тыныштығын қорғауға арнаған жанның бірі болды. Ол кісі, сонау зұлмат заман Ауған соғысына қатысып, одан кейін Қарағанды облысының милициясын басқарған жанның бірі. Милиция генерал-майорының атқарған еңбегі, жасаған ісі біздің мәңгі жадымызда. Оны әрқашан еске алып, осындай турнирді дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Бүгінгі шараға марқұмның қызы Алена Владимировна қатысып отыр. Қызына денсаулық, бар жақсылықты тілеймін. Үздік ойын көрсеткен командаларға алдағы қызметтеріне жеміс тілеймін, – деді Санжар Әділов.

– Құрметті жарысқа қатысушылар! Жанұямыздың атынан Сіздерге зор алғысымызды білдіреміз. Әкеміздің атындағы турнир 10 жылдың көлемінде үздіксіз өткізіліп келеді. Оның жасаған еңбегін ұмытпай, өскелең ұрпаққа үлгі ретінде көрсетіп келе жатқан сіздерге рахметтен басқа айтарым жоқ, – деді Алена Балацкая.

Турнир қорытындысы бойынша үздік шыққандар бағалы сыйлық, грамота және кубоктармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру