Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қару сақтаушылар жауапкершілікке тартылады

Полицейлер қару сақтауға бей-жай қарау жауапкершілікке алып келетінін ескертеді,-деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшылары таратқан ақпарат бойынша қару мен оқ-дәрілердің арнайы талап-тәртіптері бар. Олар азаматтық, қызметтік қару мен олардың оқ-дәрілерін сатып алу, беру, есепке алу, сақтау және қолдану тәртібі жазылған заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерде жазылған.

«Қару иесі пәтерде тұрған жағдайда, қару еденге немесе қабырғаға мықты орнатылған темір жәшікте немесе сейфте сақталуы тиіс. Оның қабырғасының қалыңдығы 3 мм кем болмауы қажет және ішкі құлпы берік, қару иесінен өзге адамдарға қолжетімсіз болуы керек»,- деді Алматы облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция қызметі басқармасының бөлім бастығы Юрий Пак.

Азаматтық, қызметтік, наградалық, жинақ қарулар мен олардың оқ-дәрілерін сақтаудың жағдайы мен тәртібін бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 484-бабына (Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзу) сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіштен 40 АЕК дейін айыппұл салу әкімшілік жауапкершілік көзделген.Қалалық елді-мекендерде тұратын азаматтық қару иелері қару сақталатын үй-жайда сертификатталған күзет жүйесін пайдалануға міндетті. Яғни, дабыл хабарын қару иесінің не оның отбасының ұялы телефонына немесе күзет ұйымына жолдау мүмкіндігі бар жүйе болуы қажет. Бұл пәтер ұрлығына дер кезінде әрекет етуге және қылмыскерлерді ұстауға мүмкіндік береді.

«Өзгенің мүлкін ұрлауға жол бермеу мақсатында заманауи күзет дабыл жүйесін пайдалануға кеңес береміз. Өйткені, дабыл бірден күзет ұйымының орталықтандырылған жүйесіне түседі және олар қорғауға алынған нысан үшін жауапты саналады. Қазіргі таңда Алматы облысының кез-келген қаласында ұрлықтың алдын алу немесе ұрыларды оқиға орнында қолға түсіру мүмкіндігі бар жедел әрекет ету тобы құрылған күзет ұйымдары бар»,- деп толықтырды  Юрий Пак.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру