"Қауіпсіз жаз – 2026": Павлодарда полицейлер профилактикалық жұмысты күшейтті
Жазғы демалыс маусымының басталуына байланысты Павлодар облысында "Қауіпсіз жаз – 2026" ауқымды профилактикалық науқаны басталды. Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазатайым оқиғалардың жолын кесу, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаз мезгілінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен олардың қауіпсіздігін бақылау мәселесі ерекше назарға алынады. Осыған байланысты ювеналдық полицияның мобильді топтары күн сайын саябақтарда, аулаларда, сауда және ойын-сауық орталықтарында, сондай-ақ Ертіс өзенінің жағалауында рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Полиция қызметкерлері қолданыстағы заңнамаға сәйкес кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қоғамдық орындарда жүруіне қатысты шектеулер бар екенін еске салады. Атап айтқанда сағат 22:00-ден кейін жасөспірімдердің ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болуына тыйым салынады. Ал сағат 23:00-ден кейін 18 жасқа толмағандардың заңды өкілдерінсіз көшеде немесе тұрғын үйден тыс жерлерде жүруіне жол берілмейді.
Бұл талаптарды бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған. Алғаш рет құқық бұзушылық жасаған ата-аналарға ескерту беріледі, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл салынады. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта қабылдаған ойын-сауық мекемелерінің иелері де әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Профилактикалық жұмыстар барысында балалар жарақатының алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Полицейлер жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына самокат пен велосипедті пайдалану кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін түсіндіруде.
Науқанның маңызды бағыттарының бірі – судағы қауіпсіздік. Ювеналдық полиция инспекторлары төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, рұқсат етілмеген жағажайларға бақылауды күшейтті. Мамандар белгіленбеген орындарда шомылудың әкімшілік жауапкершілікке ғана емес, адам өміріне қауіп төндіретініне назар аударуда.
Биыл Павлодар облысында 45 қауіпсіз жағажай мен 43 қауіпті аумақ цифрландырылып, 2GIS қосымшасына енгізілген. Осыған байланысты тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларының бос уақытын бақылауда ұстап, олардың қайда және кіммен жүргенінен хабардар болуға шақырады.
Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлемісованың айтуынша, полицияның басты мақсаты – азаматтарды жазалау емес, балаларды түрлі қауіп-қатерден қорғау.
– Жаз мезгілі – қауіп-қатер деңгейі жоғары кезеңдердің бірі. Сондықтан ата-аналар балаларына бақылауды күшейтіп, қоғамдық орындарда, жолда және су айдындарында қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыруы қажет, – дейді ол.
Павлодар облысында ұйымдастырылып жатқан рейдтер мен профилактикалық іс-шаралар жазғы демалыс кезеңі аяқталғанға дейін тұрақты түрде жалғасады.
