Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстан мен Ресейдің көліктегі полицейлері шекара маңындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

19 қазанда Петропавл қаласында ынтымақтастық аясында ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті басшылығы Оңал Бекеев пен Ресей Федерациясы ІІМ Көліктегі Бас басқармасының бастығы Олег Калинкиннің екіжақты жұмыс кездесуі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz

Бұл кездесуге “ҚР Әскерилендірілген теміржол күзеті” бас директоры А. Ерденов пен “РФ темір жол көлігінің ведомстволық күзеті” мемлекеттік кәсіпорнының бас директорының кеңесшісі Д. Шаробаров, сондай-ақ шекара аймағында орналасқан көліктегі полиция бөлімдерінің басшылары қатысты.

Кездесуді ашқан ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев жұмыс кездесулерін өткізудің, теміржол көлігі объектілерінде қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шаралардың бірлескен кешенді жоспарларын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

О. Бекеев өз сөзінде қатысушыларға бүкіл Қазақстан аумағы бойынша көліктегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін департаменттің қызметі мен оның басым міндеттері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

– Ұзындығы 7 мың шақырымнан асатын ортақ шекарасы, оның ішінде 13 шекара маңындағы станциясы бар Қазақстан мен Ресей үшін қылмысқа қарсы күрес мәселелері ерекше мәнге ие. Осыған сәйкес көліктегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамытудың да маңызы зор, – деді ол.

РФ ІІМ Көліктегі ББ-ның бастығы Олег Калинкин қазақстандық әріптесіне құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және жүктелген міндеттерді орындау кезінде бірлескен ынтымақтастықты одан әрі үйлестіру бойынша Қазақстанның көлік полициясының оң тәжірибесімен алмасу мүмкіндігі үшін алғысын білдірді.

– Жалпы біздің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығымыз табысты дамып келеді. Бұл тәсіл трансұлттық қылмысқа қарсы күресте, қылмыстарды анықтау мен ашуда бірлескен күш-жігердің нақты негізі бола алады. Алдағы уақытта да біздің тығыз әріптестік байланыстарымыз мемлекеттеріміздің игілігі үшін дамитынына сенімдімін, – деді Олег Калинкин.

Кездесу барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы темір жол көлігімен тасымалданатын жүктердің сақталуы, контрафактілік өнімдерді әкелуге, есірткі контрабандасына қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Көші-қон процестерін реттеу шараларына да ерекше назар аударылды. Заңсыз көші-қон мәселелерін шешу терроризм мен экстремизмге, сондай-ақ адамдар трафигіне қарсы тұрудың маңызды шарты ретінде қарастырылды.

Тараптар кездесудің жемісті болғанын және оның нәтижелері екі елдің көліктегі полицейлері арасындағы тығыз қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүмкіндік беретіндігін, ал стратегиялық әріптестік туралы шарт жедел қызмет көрсету учаскелерінде қылмысқа қарсы күресте ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын көрсететінін атап өтті.

Жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша басшылар көлік полициясы органдарының шекара маңындағы ынтымақтастығы шеңберінде қылмысқа қарсы күрестің өзара іс-қимылы және кәсіби байланыстарды кеңейту жөніндегі одан әрі бірлескен іс-шаралар бойынша уағдаластыққа қол жеткізді.

Аталған іс-шара аясында Ресей Федерациясынан келген қонақтар “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешені мен Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайын тамашалады. Сондай-ақ, Петропавл қаласының көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру