ҚАЖ қызметкерлері волейболдан республикалық турнирдің қола жүлдесін иеленді
Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаментінің құрама командасы республикалық волейбол турнирінің жүлдегері атанды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ұйымдастыруымен аумақтық департаменттердің қызметкерлері арасында республикалық волейбол турнирі өтті.
Еліміздің барлық өңірлерінен жиналған командалар бақ сынаған жарыста Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің құрама командасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, тартысты кездесулердің қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Турнир барысында команда ұйымшылдығымен, өзара сенімімен және жеңіске деген жігерімен ерекшеленді. Әрбір ойында қызметкерлер кәсіби даярлықпен қатар, спорттық шеберлік пен командалық рухтың жоғары деңгейін паш етті.
Жарыс қорытындысы бойынша №57 мекемесінің режим бөлімінің жедел уәкілі Руслан Даркенбаев Руслан үздік ойын өрнегін көрсетіп, "Үздік шабуылшы" номинациясының иегері атанды. Бұл марапат оның жоғары спорттық шеберлігі мен команданың табысына қосқан елеулі үлесінің айқын көрінісі болды.
Қылмыстық-атқару жүйесінде қызметкерлердің дене даярлығын жетілдіруге және салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше мән беріледі. Мұндай спорттық жарыстар жауынгерлік әзірлікті шыңдап қана қоймай, ұжымдық бірлікті нығайтуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және корпоративтік мәдениетті дамытуға ықпал етеді.
