Қоғамдық бақылау өкілдері жазасын өтеуші азаматтармен кездесті
Ақтөбеде прокуратура және қоғамдық бақылау комиссиясы мүшелері түзеу мекемелеріне келіп, сотталғандармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық прокуратураның өкілдері қоғамдық бақылау тобы және Ұлттық алдын алу тетігі тобымен бірлесіп, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/1, КА-168/2 мекемелеріне келіп, сотталғандармен кездесті.
Облыстық прокуратура және қоғамдық бақылау комиссиясының өкілдері жазасын өтеуші азаматтармен кездесу барысында оларға сотталғандардың құқықтары мен міндеттерін таныстырды. Әңгімелесу барысында Ақтөбе облысы прокуратурасының басқарма прокуроры Нұрлан Барышев, сотталғандар арасында қандайма наразылық туындаған жағдайда олардың өз-өздеріне дене жарақатын салмай немесе түрлі қылмыстарға бармай-ақ, құзырлы орындарға шағымдана алатындықтарын, өз кезегінде прокуратураға келіп түскен арыздар заңмен белгіленген уақытта қаралып, шешілетінін жазасын өтеуші азаматтарға түсіндірді.
Бұдан кейін Ақтөбе облысы бойынша Ұлттық алдын алу тетігінің басшысы Гүлнұр Едігеева, жабық мекемеде ұсталған екі сотталғанды жеке сауалдары бойынша қабылдап, олардың «мүгедектікті тағайындау үшін құжаттар жинақтауға» қатысты сұрақтарына заң тұрғысында жауап беріп, әрі қарай осы жұмыстармен айналысуды мекеменің медицина қызметі дәрігерлерлеріне бағыттады.
– Түзеу мекемесіне жасалған бүгінгі іс-шараның мақсаты – сотталғандар тарапынан түрлі наразылық туындаған жағдайда оларды қылмыстық әрекеттерге барғызбай-ақ мәселені екі жақтың да пікіріне құлақ аса отырып шешу, яғни осылайша сотталғандар арасында құқықбұзушылықтарға жол бермеу. Осы орайда, облыстық прокуратура өкілдерінің ұйымдастыруымен қоғамдық бақылау тобы және Ұлттық алдын алу тетігінің өкілдері мекемеде жазасын өтеушілермен әңгімелесіп, оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тиісті сұрақтарына жауап берді.
– Жалпы, жоғарыда аталған қоғамдық бақылау өкілдері өздерінің жұмыс жоспарына сай мекемеге тұрақты түрде келіп, сотталғандармен әңгімелесулер жүргізіп тұрады, – дейді КА-168/2 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесі бастығының міндетін атқарушы Қайрат Батыров.