Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай полицейлері 14 велосипед ұрлаған күдіктіні ұстады

Қостанай полицейлері 14 велосипед ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бір ай бойы Қостанай қаласының полиция басқармасына велосипед ұрлау туралы арыздар келіп түсті. Қараусыз қалған құралдарды негізінен түнгі уақытта тұрғын үйлердің кіреберістерінен ұрлаған.

Қаскүнем “Стелс”, “БМВ”, “Стингер”, “Альтаир”, “Форвард”, “Самсунг” және “Тринкс” маркалы велосипедтерді қолды еткен.

Тергеу әрекеттерінің нәтижесінде жедел уәкілдер бұрын сотталған 34 жастағы күдіктіні ұстады. Оған барлық 14 велокөлік ұрлығына қатыстылығы дәлелденді. Ер адам ұрланған велосипедтерді бірден сатқан, бірақ бұл полиция қызметкерлеріне ұрланған көлікті сатып алған адамдарды анықтауға кедергі болмады. Шығын сомасы 25-тен 50 мың теңгеге дейін бағаланған.

Қостанай қ. ПБ бастығы Ербол Тайбековтің айтуынша, ұрланған мүлікті ерте ме, кеш пе анықтауға болады, тек уақыт қажет.

– Велосипед ұрлығын ашуға бізге таңбалау, яғни әрбір велосипедке арнайы аппараттың жеке нөмірлік белгісін қою көмектеседі. Өткен жылы базаға енгізілген 550-ден бірде-бір велосипед ұрланған жоқ. Кез келген адам полиция басқармасына жүгіне алады және 10 минут ішінде оның көлігіне жеке нөмір жазылады. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болуы керек, – дейді Ербол Тайбеков.

Ұрланған жағдайда арнайы нөмір ұрланған мүлікті іздеуді және қайтаруды жеңілдетеді.

Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас бұрын жасалған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Барлық заттай дәлелдемелер алынып, Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелген қылмыстық істерге қоса тігіледі.


Сондай-ақ, тәртіп сақшылары велосипедтерді, самокаттарды, арбаларды ұрлау қаупін азайтуға ықпал ететін қауіпсіздік шаралары туралы ұмытпауға кеңес береді:

– көлік құралын қараусыз қалдырмауға тырысыңыз;
– тростық құлыптарға сүйенбеңіз, өйткені зиянкестер үшін бұл кедергі емес. Үлкен құлыпқа қалың трос тізбекті пайдаланып көлігіңізді бекіту ұсынылады;
– көлік құралын сыртқы бейнебақылау камералары орналасқан жерде қалдыруға тырысыңыз;
– ұрлаушыларды қорқытудың жақсы тәсілі-дабылды орнату.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру