Қостанай полицейлері көлік ұрысын қолға түсірді
Қостанай полицейлері көлік ұрысын қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 ақпаннан 22 ақпанға қараған түні кезекшіден сағат 00:22 шамасында Қостанай қаласының Темірбаев көшесі 14-ші үйдің ауласынан ВАЗ 21099 автокөлігі ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Патрульдік полицейлер Самат Есжанов пен Бағдат Бейсенов шақырту түскен сәттен бастап 20 минут ішінде Тобыл қаласынан Әуелиекөл ауданына бағыт алған көлікті тоқтатты.
– Хабарлама келген кезде біз ауа-райының қолайсыздығына байланысты трассаларда патрульдеу жұмыстарын жүргіздік. Кейбір бағыттар бойынша жолдар жабылды. Тобыл қаласының аумағында ұрланған көлікті көріп, тоқтаттық. Рөлде 31 жастағы ер адам болды. Ол мас күйінде ұрлық жасаған, – деді Самат Есжанов.
Осы факті бойынша 200-баптың 1-бөлігі (Көлік құралын заңсыз иемдену) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Айта кететін жайт, Самат Есжанов ішкі істер органында 2005 жылдан бастап қызмет етеді. Ал Бағдат Бейсенов 2007 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Жыл басынан бері екеуі жол қозғалысы ережелерін бұзумен байланысты 300-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.