Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте супермаркеттен 100 данадан астам шоколад ұрлаған күдіктілер анықталды

Шымкентте супермаркеттен 100 данадан астам шоколад ұрлаған күдіктілер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

26 қаңтар күні Еңбекші ауданы полиция басқармасына жергілікті тұрғын шағымданған. Ол өз арызында ағымдағы жылдың 24 қаңтарында сағат 13:00 шамасында өзінің меншігіндегі сауда үйіне белгісіз екі тұлға келіп, ондағы сауда сөрелеріндегі тәттілерді жасырын түрде жымқырып, бой тасалағандығын жазып көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі – 163 мың теңгеге жуық соманы құрап отыр.

Аталған жайт ҚР ҚК-тің 188-бабының 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Криминалды полиция бөлімінің қызметкерлері қылмысты ашу мақсатында оқиға орнына жедел жетіп, қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктілердің тұрғылықты мекенжайын анықтап, тәулік ішінде қолға түсірді. Олар Шымкент қаласының 25 және 27 жастағы тұрғындары болып шықты. Екеуі де – жұмыссыз.

Тергеу барысында белгілі болғандай, ұсталған екі ер азаматтың Ш.Уалиханов көшесінде орналасқан дүкендердің біріне келіп, сатушының назары басқа жаққа ауған сәтті пайдаланып, Merci, Alpen Gold шоколадтарын ұрлап кеткен. Тәттілердің саны 100 данадан асады.
Қазіргі кезде күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру