Қостанай полицейлері тұрғындарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары туралы айтты
Қостанайлық полицейлер мен еріктілер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары туралы пайдалы ақпаратпен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Халықты осы мәселе бойынша ақпаратпен таныстыру үшін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері «ДОС» іздестіру-құтқару жасағымен бірлесіп, сенім нөмірлері бар ақпараттық-түсіндіру үнпарақтарын таратып берді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері анықталған жағдайда оларға жүгінуге болады. Автобустарда, орталық алаңда және орталық базарда мыңға жуық буклет таратылды.
– Еріктілермен бірге біз бұл акцияны адамдар өздерін немесе жақындарын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыратқан жағдайда қалай қорғауға болатынын және қайда жүгіну керектігін білуі үшін өткіздік. Азаматтар тек үнпарақтарды ғана емес, барлық қажетті ақпаратты алды. Сонымен қатар, аталған іс-шара барысында көмек қажет деген деректер де анықталды. Біз олармен міндетті түрде жұмыс істейтін боламыз, олардың жағдайлары бақылауға алынды, – деп атап өтті Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Ботагөз Өтқұлбаева.
Жалпы, облыс орталығының тұрғындары полицейлер мен еріктілерге осындай көзқарас үшін алғыстарын білдірді. Әңгіме барысында олар мұндай ақпараттың маңыздылығы туралы пікір білдірді. Жыл басынан бері аймақ бойынша әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі топтың инспекторларына 100-ге жуық әйел кеңес алу үшін жүгінді. Жалпы, өткен жылы дағдарыс орталығына 290 адам жіберілді.
Естеріңізге сала кетейік, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары: Қостанай облысы жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Ботагөз Өтқұлбаеваға 52-68-19 телефоны арқылы хабарласа алады. Сондай-ақ «Қазақстанның репродуктивті және жыныстық денсаулық қауымдастығына» 8-7142-53-22-35 нөмірі арқылы байланысқа шығуға болады немесе мобильді 102 «SOS» телефоны жұмыс істейді.