Қостанайда нашақорлыққа қарсы профилактика мәселелері талқыланды
Қостанай облысы полиция департаментінде нашақорлыққа байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға кеңес мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Мұндай кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылып, жастар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейтуге, сондай-ақ есірткіге тәуелді азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған.

Кеңес отырысын Қостанай облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрбол Саден жүргізді. Кездесу барысында ол нашақорлық құқықбұзушылықтарына қарсы күресте бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті.

- Жас ұрпақ ерекше назарды қажет етеді. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана қоғамды есірткі қаупінен қорғап, салауатты болашақ қалыптастыра аламыз, — деді ол.
Іс-шара соңында кеңес мүшелеріне профилактикалық жұмыстарға белсенді қатысқаны үшін грамоталар мен алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар кеңес құрамына жаңа мүше қабылданып, оған нашақорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесінің куәлігі салтанатты түрде тапсырылды.
