Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ-нің орынбасары Түркістан облысына арнайы іссапармен барды

ҚР ІІМ-нің орынбасары Марат Қожаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында көрсеткен төрт бағытын іске асыруда Президент Қ.Тоқаев мемлекеттік органдарға тапсырмаларын берген еді. Сонымен қатар «Ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясындағы пунктерді орындау үшін ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың бастамасымен ауқымды жобалар жасалуда. Ендеше облыстарға берілген жұмыстардың жүзеге асуын қадағалап, одан әрі пысықтау үшін ҚР ІІМ-нің бірінші орынбасары Марат Қожаев киелі Түркістан облысына арнайы іссапармен барды.

Сапар барысында ІІМ-нің орынбасары Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесті. Кездесу барысында облыстағы қылмыстық ахуалдың тұрақтылығы мен атқарылып жатқан қыруар жұмыстар бойынша өзара әңгіме өрбіді. Түркістан облысы әкімдігінде орналасқан сараптама тобының қызметкерлерімен кездесті.

Сондай-ақ, облыс орталығындағы маңызды туристік нысандарды аралап, ондағы туристер мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін орнатылған «SOS» батырмаларымен, стационарлық бекеттердің жұмысымен танысты.

Бүгінгі таңда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен учаскелік полиция инспекторларының жұмыс ауқымы кеңейіп, олардың техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілуіне, жоғары деңгейдегі жұмыс нәтижесін көрсетіп, қылмыстың азаюына ат салысуы үшін барлық жағдай жасалуда. Осыған байланысты полиция генералы М.Қожаев Түркістан қалалық полиция басқармасына қарасты №4 және №6 тірек пунктеріне арнайы аялдады. Онда учаскелік инспекторлардың қызмет етуін бақылап, профилактикалық шараларға байланысты тапсырмаларын берді.

Түркістан облысы Полиция департаментіне келген Марат Шәдетханұлы Жедел басқару орталығының тыныс тіршілігімен танысты. Полицейлердің бейнекамералармен жұмыс істеуін, сервистік полиция мен цифрландыру бойынша жасалып жатқан жобаларды бақылап, өз бағасын берді. Мәселен жедел басқару орталығы Полиция департаментінің аса маңызды құрылымдарының бірі. Онда облыс орталығында орналасқан барлық бейнекамералар бақыланады.

Бүгінде республика көлемінде адам санына шаққан қылмыс саны ең аз облыс – Түркістан. Ал өз кезегінде мұндай нәтижеге қол жеткізуде ЖБО-ның айтарлықтай үлесі бар. Яғни бейнебақылау камераларының көмегімен 2021 жылдың 10 айында 75 502 құқықбұзушылық, ал Түркістан қаласында 36 483 құқықбұзушылық анықталған. Сондай-ақ бейнебақылау камераларымен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыста 104, ал облыс орталығында 32 қылмыс дер кезінде ашылған. Тағы бір айта кетерлігі саралау жұмыстары кезінде бейнебақылау камералары орнатылған орындарда жол апатының орын алуы өте төмен. Тіпті жоқтың қасы деуге де болады.
Осылайша іссапар барысында ІІМ-нің орынбасары М.Қожаев Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрам қызметкерлерімен кездесіп, жиналыс өткізді.

– Түркістанды барлығы рухани астана әрі туристік орталық ретінде жақсы таниды! Сондықтан осындай қасиетті жердің тәртіп сақшылары, сіздер әрқашан өз жұмыстарыңызға жауапты болып, қылмысты ашуда әділдікті ту етулеріңіз қажет. Баршаға мәлім полицияны халық әрдайым қорғаушы, жанашыр ретінде сезінуі керек. Ол үшін Президент Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен және ҚР ІІМ Е.Тұрғымбаевтың қадағалап, іске асырылуына мұрындық болуымен сан түрлі жобалар жүзеге асуда. Оның ішінде «Цифрландыру», «Сервистік полиция» т.б. Сондықтан сіздер бірінші кезекте халық өзін қауіпсіздік пен жайлылықта сезінетіндей жағдай жасап, өз қызметтеріңізді адал атқаруларыңыз қажет. Жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық, қылмыс не болмаса басқалай тәртіпсіздік те мүлде орын алмауы аса маңызды!, – деп атап өтті полиция генералы М.Қожаев.


Осыдан соң М.Қожаев халыққа қолжетімді қызмет ұсыну мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, естуші мемлекет аясында құрылған Түркістан облысы Полиция департаменті жанынан ашылған «Азаматтарды қабылдау» бөлмесінде де болды. Ондағы қызметтің халыққа тиімділігі және ғимараттың келушілер үшін ыңғайлылығы қаралды.

Сапар соңында М.Қожаев жаңадан бой көтеріп жатқан Түркістан облысы Полиция департаментінің ғимаратымен танысты. Түркістандық тәртіп сақшыларының атқарып жатқан жұмыстарына өзінің оң бағасын беріп, алдағы уақытта бұдан да жоғары деңгейде және еліміздің дамуы жолында адал еңбек етуге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру