Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың басшылары Талдықорған студенттерімен кездесті

Құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың басшылары Талдықорған студенттерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталмыш кездесуді өткізуге Жетісу облысы полиция департаментінің басшылығы бастамашы болды.

Жастармен өткізілген ашық диалогта облыстық құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарының уәкілдері мен қоғам белсенділері қатысып, 600-ге жуық студент алдында нашақорлықтың зияны, оның алдын алу және заңнамада көзделген жауапкершілік туралы айтып берді.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында синтетикалық есірткіні тұтынушылардың артуы ұлт денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. Тек күшімізді біріктіре отырып, біз осы жалпыұлттық мәселеге қарсы тұрып, тойтарыс бере аламыз. Бұл бағытта тәртіп сақшылары – білім және денсаулық сақтау басқармаларымен, облыс әкімдігінің жастар ресурстық орталығымен, жастар бірлестіктерімен және еріктілер ұйымдарымен белсенді өзара әрекет жасап келеді, – деп атап өтті Жетісу облысы ПД бастығы Сарқытбай Құсаинов.

Жыл сайын құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен есірткінің заңсыз айналымы саласында екі мыңнан астам қылмыс анықталады, сонымен қатар есірткіні таратумен айналысатын интернет сайттар бұғатталады.

– Полицияның қолжетімділігін кеңейте отырып, біз әлеуметтік желілерде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аккаунттарын аштық, сенім телефоны қызмет етуде, WhatsApp чаттарында пәтер иелері кооперативінің төрағаларымен белсенді түрде өзара жұмыс жүргізіліп жатыр, – деп толықтырды С.Құсаинов.

Өскелең ұрпақтың нашақорлыққа қарсы иммунитетін тәрбиелеуге белсенді қатысып, сондай-ақ ауқымды профилактикалық іс-шараларды өткізуде зор үлесін қосқаны үшін департамент бастығының құзыретімен бірнеше тұлғалар марапатталды.

– Нашақорлық бүкіл ұлттың генофондына, біздің балаларымыздың болашағына үлкен қауіп төндіретін адамзаттың өзекті мәселесі. Сондықтан қазіргі таңда барлық уәкілетті органдардың қатысуымен жүзеге асатын, нақты профилактикалық алдын алу жүйесі қажет. Тәжірибе көрсеткендей, нашақорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруда профилактикалық шараларды пайдалану, оң нәтижесін береді, – деп атап өтті облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев.

Студенттерге есірткі заттарын сақтау және тарату үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес көзделген жауапкершілік, сондай-ақ есірткі сатушылардың нысаны болмау үшін қалай әрекет ету керектігі туралы ескертілді.

– Жастардың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру және құқықтық тәртіп мәдениетін қалыптастыру біздің басты міндеттеріміздің бірі саналады, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев.

Қазіргі замандағы есірткі құралдарының зияны туралы облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігер-наркологы мен “Қос қанат” үкіметтік емес ұйымының психологы дәрістерін оқыды. Студенттерге түрлі есірткі құралдарын қолданудың зияны туралы бейнематериал көрсетілді.

– Қазіргі заманда өскелең ұрпақ тез және оңай пайда табудың азғыруларына жиі тап болады, алайда мұндай жол заңды бұзуға және қылмыстық жауапкершілікке тартылуға әкеліп соғатынын түсінген жөн. Соңына келгенде, соттылық адамның кейінгі өміріне зиянын келтіруі мүмкін. Таңдау әрқашан бар. Күшімізді біріктіре отырып, біз салауатты, жақсы және жарқын болашақ құра аламыз, – деп ПД консультативтік-кеңесші органының төрағасы, ІІО ардагері Өмірбек Ізбасаров студенттерді салауатты өмір салтына шақырды.

Лекция біткеннен кейін кинологтар балаларға полицияда қызмет атқаратын иттердің қатысуымен қойылым ұйымдастырды. Кинологиялық орталықтың төртаяқты сақшылары әртүрлі есірткі заттарын анықтау, сонымен қатар ведомство қызметкерлерінің бірі қылмыскердің рөлін ойнап, оны ұстау және айдауылдау процессі көрсетілді. Иттер өз тәлімгерлерінің командаларын сөзсіз орындады.

Университет басшылығы Жетісудың тәртіп сақшыларына алғыс айтып, осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізуге ниетін білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру