Құтқарушылар күн сайын Жайық өзені бойында рейд өткізеді
Атырау облысында адамдар қазасын болдырмау мақсатында, суға түсу маусымы кезеңінде тұрғындарға судағы қауіпсіздік шараларын сапалы әрі нәтижелі түрде үйрету үшін жасақ құтқарушылары 23 мамырдан бастап күшейтілген режимге ауысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел құтқару жасағының құтқарушыларының басты міндеті – судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу және санын азайту.
Қауіпсіздік ережелерін сақтамай жүрген тұрғындарды анықтау мақсатында құтқарушылар күн сайын Жайық өзенінде қайықпен рейд өткізеді, жадынамалар таратады.
Үнемі өткізілген рейдтер мен әңгімелесулер нәтижесінде қайықтарға құтқару жилетінсіз мінетін адамдар саны мен жасөспірімдердің пирстардан секіру фактілері азайып келеді.
Атырау облысының тұрғындары мен қонақтары, судағы негізгі қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар:
– тек жабдықталған жағажайлар мен басқа да шомылуға арналған орындарда,
ресми рұқсаты және құтқару қызметі бар жерлерде шомылыңыздар;
– жүзе білмей белдеріңізден жоғары келетін суға кірмеңіздер;
– шомылу кезінде бір – біріңізді көзден таса қылмаңыздар;
– жағадан алыс, қойылған белгіден әрі жүзіп кетпеңіздер;
– жүзе білмей, дөңгелекті, үрлемелі матрасты пайдаланбаңыздар;
– жүзіп келе жатқан катерлер мен қайықтарға жақындамаңыздар;
– қайықтан, көпірден және кеме аялдайтын орыннан суға секірмеңіздер;
– суға көп шомылмаңыздар, аса тоңып және шаршап қалуларыңыз мүмкін;
– түнгі уақытта және мас күйлеріңізде суға шомылмаңыздар.
Сақ болыңыздар!