Қылмыстық-атқару жүйесінің 1690 қызметкері COVID-19-ға қарсы вакцина алды
Қылмыстық-атқару жүйесінің 1690 қызметкері COVID-19-ға қарсы вакцина алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстық-атқару жүйесінің жеке құрамының арасында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина алу жалғасуда.
Қазіргі күннің өзінде еліміздің барлық аймағынан 1690 қызметкер екпе алып үлгерді. ҚАЖ қызметкерлерінен басқа бұл процедурадан мекемелерде қызмет атқаратын медицина және педагогикалық жұмыскерлер өте алады.
Әділет майоры Виталий Величко Нұр-Сұлтан қ. бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты төтенше қауіпсіз ЕЦ-166/5 мекемесінде сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы лаузамын атқарады. Майордың айтуынша, вакцинаны ол өткен аптада алған, препараттан қызу көтерілу немесе өзге де жанама әсерлер байқамаған.
– Екпені анамның кеңесі бойынша алдым. Ол кісі медицина саласында жұмыс істейді, өзі екпенің толық курсын қабылдады. Қазір еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай алаңдатарлық, әсіресе үлкен қалалардағы көрсеткіш тұрақсыз болып отыр. Вакцина алғанымызбен қызметте де қоғамдық орындарда да барлық қорғаныс шараларын сақтап жүруге тырысамын, – дейді Виталий.
ҚАЖ мекемелерінде ұстауда отырған азаматтарға қатысты оларды иммундау бекітілген халық тіркелімі шеңберінде кестеге сәйкес жүзеге асырылады деп хабарланады. Бүгінгі таңда Ақтөбе облысы мен Нұр-Сұлтан қаласының ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын 130-ға жуық адамға екпе алған.
Айта кетейік, вакцинация 21 күндік аралықпен екі кезеңнен тұрады. Оның алдында міндетті түрде егілетін адамды медициналық қызметкер қарайды, қызуы тексеріледі, аллергиялық реакциялар мен созылмалы аурулардың болу-болмауы ескеріледі. Ал егер қарсы әсерлер болған жағдайда, науқастың қалауы болса да екпе салынбайды.