Қызмет бабында ерекшеленген 200-ден астам көлік полицейі құрметке ие болды
23 маусым ішкі істер органдарының құрылғанына 31 жыл толуына орай, көліктегі полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қатысушылар қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полицейлерді еске алып, «Мәңгілік ұмытылмас есімдер» монументіне гүл шоқтарын қойды.
Департамент бастығы Бақытжан Малыбаев ішкі істер органдарының барлық ардагерлерін және жеке құрамды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Осынау салтанатты күні жас мамандарға қызметтің қыр-сыры мен үздік дәстүрлерін үйретуден жалықпай келе жатқан ардагерлерге үлкен ризашылығымды білдіремін. Біз бүгін қызмет бабында қаза тапқан әріптестеріміздің өшпес рухы алдында тағзым етеміз. Олар біз үшін ерлік пен батылдықтың үлгісі болып қала береді, – деді Бақытжан Малыбаев.
Сондай-ақ, ведомство басшысы жеке құрамға азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолында біліктілік танытып, нәтижелі қызмет етіп жүрген әріптестеріне алғыс білдірді. Ол жиналғандардың барлығына зор денсаулық, тұрақтылықты қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті нығайту жолында жүктелген жауапты міндеттерді абыроймен атқаруларына тілектестік білдірді.
Бұдан соң марапаттау рәсімі өтті. Қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін және Қазақстан полициясы күнін мерекелеуге байланысты ҚР ІІМ және көліктегі ПД бұйрықтарымен ерекшеленген қызметкерлер құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында қиын жағдайға тап болған Нигерия азаматына отанына оралу үшін жедел көмектескен Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Махсұт Тұрсынбаев пен Әлия Қалиасқарова да бар.
Еске сала кетейік, Қазақстан полициясы күніне арналған ресми іс-шаралар департаменттің желілік бөліністерінде де өтті.