Қызмет пен спортты қатар алып жүрген полицей чемпион атанды
Павлодарда әріптестері ҚР Павлодар облысы полиция департаментінің ЖҚАЖ инспекторы Ринат Махмұтовты жылы қарсы алды. Ол Ақтау қаласында өткен Қазақстан Республикасының унифайттан чемпионатында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, алтын медальмен оралды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
19-27 қыркүйек аралығында Ақтау қаласында өткен дүбірлі додаға еліміздің 16 облысы мен 4 қаласынан 517-ге жуық спортшы қатысып, чемпиондық атақ үшін бақ сынады. Ринат Махмұтов өз салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың жеңімпазы атанды.
Әріптестері спортшыны ерекше ықыласпен қарсы алып, жеңісімен құттықтады. Олар Ринаттың табандылығы мен төзімділігін, жоғары деңгейдегі дайындығын атап өтті.
- Ринат өз үлгісімен жоғары нәтижеге күнделікті еңбек, тәртіп пен мықты мінездің арқасында қол жеткізуге болатынын көрсетіп келеді. Ол қызмет пен спортты қатар алып жүріп, кәсіби шеберлігін үнемі шыңдап, Павлодар облысының намысын абыроймен қорғап жүр. Бұл біз үшін ерекше маңызды. Оған жаңа жеңістер мен барлық бастамаларына толағай табыс тілеймін, - деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орынбаев.
Ринат Махмұтов үшін бұл алтын медаль - спорттағы бай әрі табысты жолындағы кезекті жеңіс. Полицейдің қоржынында ММА-дан әлем және Азия чемпионы атақтары, сондай-ақ жекпе-жек өнерінің түрлі бағыттары бойынша халықаралық жарыстардағы жеңістері бар.
Ринаттың қызметтік жолы 2014 жылы "Бүркіт" арнайы мақсаттағы бөлімшесінен басталған. 2016 жылы ол күрең берет нормативтерін сәтті тапсырып, оны қайта растады.
2019 жылдан бері Ринат Махмұтов Павлодар облысы Полиция департаментінің ЖҚАЖ инспекторы қызметін атқарып келеді. Бүгінде ол өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып, қызметтік міндетін спорттағы жетістіктерімен қатар алып жүр.
Кезекті алтын медаль - мақсат қойып, оған табандылықпен ұмтылып, соңына дейін жетіп, нәтижеге қол жеткізе білетін чемпиондық мінездің тағы бір көрінісі.
