Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД бастығы жас сарбаздармен кездесті

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД бастығы түзеу мекемесін күзететін жас сарбаздармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz

Қызылорда қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығына қарасты №5547 әскери бөліміне әр өңірден Отан алдындағы борышын өтеуге жас сарбаздар келген. Бүгін Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Шаймерден Есенкелдиев жаңадан ант қабылдаған жас сарбаздармен кездесті.

– “Отан үшін отқа түс, күймейсің!” деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі, қайсарлықтың көрінісі. Әскер сендерді тәртіпке, жүріп-тұруға, қару ұстауға, бұйрыққа бағынуға, бірлесіп қызмет жасауға үйрететін нағыз ер-азаматтардың мектебі. Сондықтан темірдей тәртіпке бағынып, Отанға адал болып, отансүйгіштіктің жарқын үлгісін көрсетіңіздер. Түзеу мекемесіндегі тыныштық пен тәртіптің сақталуы – ең алдымен қарауыл күзетінде қалтқысыз қызмет атқаратын қырағы жауынгерлеріміз сіздерге байланысты. Сондықтан сотталған азаматтармен байланысқа түспей, күні-түні қырағылық пен қауіпсіздікті сақтап, мекеменің ішіндегі тәртіпті бақылап, қадағалап, заңдылықты қатаң сақтап, жүктелген жауапкершілікті жоғары деңгейде атқарыңыздар. Қылмыс жасап, қамалғандардың не ойлап жүргені өздеріне ғана аян. Сондықтан да түзеу мекемесін күзететін әрбір сарбаз қауіптің бетін қайтару үшін ережеге сай қимылдап, кез келген тосын оқиғаға үнемі дайын жүруі қажет, – деді департамент бастығы.

– Әрбір ер-азаматтың туған елі, Отаны алдында бас тартуға болмайтын абыройлы міндеті бар. Ол – Отан қорғау. Мен туған елім, жерімнің алдындағы парызымды осы Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімінде өтеудемін. Әскери ант қабылдадым. Әскери борышымды өтей жүріп, ұқыптылыққа, уақытты тиімді пайдалануға, сабырлы, шыдамды болуға дағдыландым. Сонымен қатар, шапшаң қимылдауды, бастаған ісін кейінге қалдырмай, соңына дейін апаруды үйрендім. Қазіргі таңда ЗК-169/5 түзеу мекемесінің аумағын бақылап, қадағалаймыз. Түзеу мекемесінің төрт бұрышын кірпік қақпай күзету менің азаматтық борышым, – дейді жас сарбаз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру