Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында дін саласындағы заң бұзушылықтардың жолы кесілді

Қызылорда облысында дін саласындағы заң бұзушылықтардың жолы кесілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан Қызылорда облысы аумағында дін саласында 14 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Аталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Қызылорда облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің рейдтік іс-шаралары барысында, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарға жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталған.

Діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы басылымдарды тек арнайы рұқсаты бар, заңды түрде тіркелген сауда орындары ғана сата алады. Соған қарамастан мұндай өнімдерді интернет арқылы заңсыз сату фактілері де кездесуде.

Мәселен Байқоңыр қаласының 38 және 34 жастағы тұрғындарының үйлеріне жүргізілген тінту барысында 180-ге жуық діни әдебиет анықталып, аталған азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Сонымен қатар 32 және 36 жастағы облыс тұрғындары “ВКонтакте” әлеуметтік желісі арқылы діни мазмұндағы аудио және бейнематериалдарды таратқан. Бұл деректер әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында белгілі болған.

Қызылорда облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Барлық анықталған құқық бұзушылық бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.
Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы түсіндіру мақсатында Қызылорда облысының тұрғындарымен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына діни әдебиеттерді сату талаптарын түсіндіріп, заңнаманы сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Аталған жұмыстар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру